2025 жылғы 17 қаңтарда Astana IT University-де Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің “Жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету: жағдайы және даму перспективалары” атты форумы өтті. Іс-шараға Жезқазған университетінің ректоры Тәкішев Әбділмәлік Арғынұлы, академиялық мәселелер жөніндегі проректор Ичева Юлианна Борисовна және ғылым мен стратегиялық даму жөніндегі проректор Свидерский Александр Константинович қатысты.
Форумға министрлер, ректорлар, проректорлар, сарапшылар мен аккредитациялық органдардың басшыларын қоса алғанда, академиялық қауымдастық өкілдері қатысты. Бағдарлама аясында тақырыптық сессиялар мен пленарлық отырыс өтті:
1-тақырыптық сессия: “Ғалымның жарияланымдық стратегиясы”. Қатысушылар жарияланымдық белсенділік мәселелерін, басылымдар тізімін кеңейту перспективаларын және ғылыми қызметтің этикалық аспектілерін талқылады.
2-тақырыптық сессия: “Мемлекеттік бақылау мәселелері”. Тақырыптар аккредитация, реттеу тетіктері, университеттердің рейтингтері және лицензиялау процестерін цифрландыру болды.
Пленарлық отырыс: Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек жоғары білім мен ғылымның қазіргі жағдайы мен даму перспективалары туралы өзекті ақпаратты, сондай-ақ білім беру қызметтерінің сапасын арттыру бойынша негізгі бастамаларды ұсынды.